logo

+7 (7172) 279 472

Жаңалықтар мен елеулі оқиғалар

Дүйсенбі, 13 Ақпан 2017 15:40

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-да энергетиктердің династиясы еңбек етеді

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-да энергетиктердің династиясы еңбек етеді

Біздің қазақ біреуге разы болған кезде «Шырағың сөнбесін!» - деп,  жақсы сөзін жаудырып жатады. Бұл сірә, бекер емес. Осы кездері де қалың қауымның шырағын сөндірмей жүрген энергетиктер жетерлік. Әсіресе, атадан балаға асыл мұра болып келе жатқан салаға айналып үлгерді.  Тек айналасындағылардың ғана емес, бақандай бір облыстың энергетикасына елеулі үлес қосып жүрген жарыққа жаны құмар жайсаң жандар баршылық.  Өздеріңізге белгілі, «Қазақстан коммуналды жүйелері» холдингі нағыз кәсіби мамандар мен кадрлық саясат тұрақтылығымен көпке әйгілі. Қай кезде болмасын, бұл мамандық иелерін қалың қауым құрмет тұтады. Өйткені қақаған қыс пен аптап ыстыққа қарамастан, ауа райының кез-келген құбылмалы сәтінде әрбір тұрғынның үйіне электр қуаты мен жылуын тұрақты жеткізіп отырады. Қазір энергетиктердің өзіндік көп жылдық дәстүрі бар. Соның бірі – ұлағатын ұрпаққа қалдыру.  Соның бір дәлелін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС паш етті. Бұл кәсіпорын электр қуатын Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тарату мен өткізуді негізге алған. Бүгінде компанияда 3300-ден астам адам еңбек етеді. Ұжымда көпке белгілі Тұрғымбаевтардың еңбек династиясы қалыптасқан. Әкесі, баласы және немересі ғұмырын кәсіби энергетикаға арнапты.

Тұрғымбаев Сейдазым Әзімханұлы, 25. 12. 1935 жылы туған. 82 жастағы қария тыл ардагері. 41 жыл бойы энергетикаға елеулі үлес қосқан зейнеткер. Еңбек жолын Шымкенттегі  шағын станция кезекшісі болып бастаған қария Кеңес дәуірі кезінде саланың  сан түрлі тармағынан өтті. Тәуілсіздік алған тұста да талмай еңбек етіп, 1996 жылы Еңбекші аудандық электр станциясының басшысы қызметінен зейнетке шықты. Энергетика саласында абыройлы ақсақал 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 10 немере 2 шөбере сүйіп отыр.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Сейдазым ақсақалдың ұлы Тұрғымбаев Серік те ата жолын қуды. Қазір ол «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС орталық диспетчерлік қызметінің басшысы. 48 жастағы жігіт ағасы электро механик мамандығын тәмамдаған. 1991 жылы әуе желілері бойынша электр монтері болып еңбек жолын бастаған. Энергетика саласындағы барлық сатысын бағамдап көрген Серік Сейдазымұлы 2007 жылдан бері «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясындағы орталық диспетчерлік қызметін абыройлы басқарып келеді. Осы еңбегі үшін «Қазақстан Энергетиктер Қауымдастығы», облыс әкімі, энергетика басқармасының Грамоталарымен марапатталған. Үйленген, 4 баласы және 2 немересі бар.   

Сейдазым ақсақалдың немересі, Әбілмансұр Серікұлы да атасы мен әкесінің жолын қуып, энергетика саласын таңдапты. 23 жасар жігіт электротехник мамандығын тәмамдаған соң, шағын станциялар қызметінде кезекші  электромонтер болып еңбек етіп жүр. Үйленген, 2 баласы бар.  

Осыдан кейін-ақ, энергетиканың атадан балаға асыл мұра болған салаға айналғанын ұғуға болады. Бұйыртса, Сейдазым ақсақал «шөберелерімнің де бірі өз жолымды қуып, энергетикада талмай еңбек етер» деген ойда.

"Қазақстан коммуналдық жүйелері" ЖШС © 2024 Барлық құқықтары қорғалған.

Please publish modules in offcanvas position.