Ақпараттық агенттіктер - Өскемендегі ЖЭО-да маман тапшы

Өскемендегі ЖЭО-да маман тапшы

Өскемендегі ЖЭО-да маман тапшы
Сейсенбі, 17 қыркүйек 2024
Белгілі болғандай, биыл жылу электр орталығының бірнеше жылыту қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тілшілерге арналған баспасөз турында көрсетілген жылыту қазандықтарынының басым бөлігі алдағы кезеңге толықтай дайын. Мекеме мамандарының сөзінше, көмір де жеткілікті деңгейде.

Техникалық директордың орынбасары Жандос Тұраров ЖЭО алдағы маусымға дайын деп айтуға болатынын жеткізді.

— Бүгінде бірнеше мемлекеттік нысанға, яғни мектеп, аурухана, балабақшаларға жылу беріле бастады. Бізде қоймада көмір қоры 205 мың тоннаны құрайды, ал азот қоры — 1100 тонна. Атқарылған шаралар алдағы жылыту маусымында қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жылына 1,5 млн тонна көмірге келісімшарт жасаймыз. Көбінесе көршілес Абай облысына қарасты «Қаражыра» көмір кеніші мен келісімшартқа отырамыз. Қазір бізде ҚР Энергетика министрлігімен инвестициялық келісімшартқа қол қойылды. Алдағы уақытта көршілес Қытай елімен бірігіп, ауқымды жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Айта кетейік, 16 қыркүйектегі жағдай бойынша үш мектеп, он бір балабақша және он бір ауруханада жылу қосылған.

— Жалпы қала бойынша бір-екі аптадан кейін жылыту маусымы ресми түрде басталады. Нақты мерзімі әкімдіктің шешіміне байланысты, — дейді «Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық директоры Нұрлан Ахметжанов.

Бір айта кетерлігі, ЖЭО-да маман тапшылығы байқалуда. Нақты айтар болсақ, 18 жастан асқан орта білімі бар теплоэнергетик, электромонтер және теплотехник мамандары қажет.

https://buqara.kz/shko/158-skemendegi-zhjeo-da-maman-tapshy.html
Источник: "Бұқара" ақпараттық порталы
Тізімге оралу