Жаңалықтар мен елеулі оқиғалар - ҚКЖ-нің валюталық облигацияларына сұраныс ұсыныстан асты

ҚКЖ-нің валюталық облигацияларына сұраныс ұсыныстан асты

ҚКЖ-нің валюталық облигацияларына сұраныс ұсыныстан асты
Дүйсенбі, 6 қазан 2025

«Қазақстан коммуналдық жүйелері» елдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында AIX биржасында үш жылдық долларлық облигацияларын орналастырды.

«Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС (ҚКЖ) Astana International Exchange (AIX) биржасында АҚШ долларымен номинацияланған, жылдық купондық мөлшерлемесі 9% болатын үш жылдық облигацияларын сәтті орналастырды. Бастапқыда компания 8 миллион АҚШ долларын тартуды жоспарлаған еді, алайда инвесторлардың жоғары белсенділігі нәтижесінде сұраныс ұсыныстан асып түсіп, жоспарланған орналастыру көлемі 120% деңгейінде орындалды.

Бұған дейін ҚКЖ AIX биржасында үш рет табысты орналастыру өткізген болатын: 17 млрд теңге (жылдық табыстылығы 19%) және екі долларлық транш — 20 млн және 16 млн АҚШ доллары (жылдық табыстылығы 9%).


Қаражаттың бағытталуы

Тартылған қаражат энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға, қолданыстағы кредиттік желілерді қайта қаржыландыруға, сондай-ақ топтың инвестициялық жобаларын іске асыруға жұмсалады. Бұл өз кезегінде қолданыстағы нысандарды жаңарту мен жаңа объектілер салуға, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізуге, және экологиялық стандарттарға сай болуға бағытталған маңызды инвестициялар болып табылады.

«Облигациялардың сәтті шығарылуы және сұраныстың жоғары болуы инвесторлардың сенімін көрсетеді. Әсіресе институционалдық және бөлшек инвесторлардың қызығушылығының артуы — еліміздің қор нарығының дамуына оң сигнал. Қазір бөлшек нарыққа банктік депозиттерге балама қаржы құралдары қажет, және біз дәл осындай мүмкіндік ұсынамыз. 2008 жылдан бері ҚКЖ берік іргетас қалыптастырып, тұрақты дамуға жол ашты. Біз уақыт сынынан өткен тұрақты бизнес-модельдерге сүйене отырып, қуатты энергетикалық ұйым құруды жалғастырамыз», — деді ҚКЖ бас директоры Сабырғали Идрисов.


Келесі қадам — «жасыл» облигациялар

ҚКЖ портфелінде көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту және климаттық күн тәртібін жақсартуға бағытталған экологиялық бастамалар бар. Жел, күн және гидроэнергетика — компанияның кезең-кезеңімен іске асыратын негізгі бағыттарының бірі. Алдағы уақытта ҚКЖ «жасыл» облигацияларын алғаш рет орналастыруды жоспарлап отыр. Тартылған қаражат жел және күн энергиясын өндіру жобаларына бағытталады.

Облигациялар шығару Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде (ҚНРДА) тіркеліп, KZX000005319 мемлекеттік тіркеу нөмірі берілді.


Компания туралы

«Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС — елдің ірі энергетикалық компанияларының бірі, Ordabasy Group холдингінің құрамына кіреді. Компания электр және жылу энергиясын өндіру мен жеткізуді жоғары сенімділікпен қамтамасыз етіп, энергетика саласындағы ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырады. Сондай-ақ ҚКЖ өз қызметі аясындағы өңірлерде желілік инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламаларын жүйелі түрде іске асырып келеді.

Тізімге оралу