Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттері УК ЖЭО-да танымдық экскурсияда болды.
Іс-шара корпоративтік оқыту орталығының кадрларды даярлау жөніндегі инженері жетекшілігімен өтті. «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау», сондай-ақ «Қоршаған орта химиясы және тұрақты даму» мамандықтарының студенттері кәсіпорынның өндірістік процестерімен тәжірибе жүзінде танысу мүмкіндігіне ие болды.
Экскурсия барысында студенттер турбиналық цехтың химиялық бөлімінде және экспресс-зертханада болып, кіріспе нұсқамадан өтті. Бұл олардың станция жұмысының ерекшеліктерін қауіпсіз түрде әрі тереңірек түсінуіне, сондай-ақ еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарымен танысуына мүмкіндік берді.
Кездесу барысында қатысушылар кәсіпорында қолданылатын заманауи технологиялар туралы ақпарат алып, мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты даму қағидаларының іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынын көрді.
Мұндай іс-шаралар студенттердің теориялық білімін бекітіп қана қоймай, олардың еңбекті қорғау, экология және таңдаған мамандығына деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.