Жаңалықтар мен елеулі оқиғалар - Қарағандыда жаңа жылыту маусымына дайындық басталды

Қарағандыда жаңа жылыту маусымына дайындық басталды

Қарағандыда жаңа жылыту маусымына дайындық басталды
Бейсенбі, 23 сәуір 2026

Қарағандыда жылыту маусымы тұрақты өтіп, 1 сәуірден бастап жылу электр станцияларында жөндеу науқаны басталды. Сонымен қатар ЖЭО-3-ті кеңейтуге бағытталған ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл қаладағы жылу мен электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ЖЭО-3-ке барып, энергетиктердің жұмысына алғыс білдірді, жөндеу жоспарларымен танысып, жаңа энергоблок құрылысының барысын тексерді.

Жөндеу жұмыстары қазан айына дейін жалғасып, екі станцияда негізгі 26 бірлік жабдықты қамтиды.

ЖЭО-3-те жұмыстар электр энергиясын өндіруді тоқтатпай жүргізілуде.

Қазіргі таңда бір қазандық пен бір турбина дайын.

Қазір №4 қазандық агрегатын жаңарту басталды. «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гариповтың айтуынша, бұл — ең ауқымды жұмыстардың бірі, ол шамамен төрт айға созылады.

— Бұл өте үлкен көлемдегі жұмыс: күрделі жөндеу барысында шамамен 150 тонна металл материалдары ауыстырылып, қосалқы жабдықтар да жаңартылады. Экрандық жүйені ауыстыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі. Қазандықтың алдыңғы бөлігі толық жаңартылып, жаңа бу қыздырғыштар орнатылады, — деді ол.

ЖЭО-1-де де жабдықтарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған.

ЖЭО-3-тегі жаңа энергоблоктың құрылысы — өңірдегі негізгі энергетикалық жобалардың бірі. 

Жұмыстар белгіленген кестеге сай жүргізілуде: инженерлік ізденістер аяқталған, негізгі іргетастар құйылған, бас корпус кеңейтіліп, инфрақұрылым салынуда. Алаңға металл құрылымдар мен жабдықтар жеткізіле бастады.

Флюр Гариповтың айтуынша, жаңа қазандық агрегаты заманауи талаптарға толық жауап береді және экологиялық көрсеткіштері бойынша Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де теңдесі жоқ болады.

Жоба Еуразиялық даму банкінің қатысуымен және Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жаңа энергоблокты 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жоба аяқталғаннан кейін станцияның қуаты артады: электрлік қуат — 140 МВт-қа, жылу қуаты — сағатына 180 Гкал-ға өседі. Бұл 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ болашаққа қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мен уақтылы дайындықтың маңызын атап өтті.

— Қарағандыда жылыту маусымы тұрақты өтті. Бұл — станциялар мен «Теплотранзит» ұжымының үйлесімді жұмысының нәтижесі. Енді жөндеу науқанын сапалы өткізу маңызды, оған қомақты қаражат бөлініп отыр. Жұмыстардың барысын бақылауда ұстаймыз. Сонымен қатар жаңа энергоблок салынып жатыр — жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр. Бұл — маңызды стратегиялық қадам: қала қосымша қуатқа ие болып, алдағы жылдары тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Тізімге оралу