Жаңалықтар мен елеулі оқиғалар - Энергетиканы жаңғырту: инвестиция, тариф және экология  

Энергетиканы жаңғырту: инвестиция, тариф және экология  

Энергетиканы жаңғырту: инвестиция, тариф және экология  
Сәрсенбі, 29 сәуір 2026
Астана, 29 сәуір. Қазақстан энергетикасы жүйелік мәселелерді талқылау кезеңінен нақты жаңғырту кезеңіне өтуде — басты назар сенімділік, инвестиция және саланың тұрақтылығына аударылуда. Аталған басымдықтар «AMANAT» партиясы Кәсіпкерлер қанатының электр энергетикасы секторы өкілдерімен өткен кездесуінде негізгі тақырыпқа айналды.

Талқылауға ҚР Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ жетекші энергетикалық компаниялар мен салалық бірлестіктердің басшылары қатысты.

Кездесу күн тәртібі саланы дамытудың негізгі бағыттарына арналды: генерациялаушы қуаттарды жаңғырту, энергия жүйесін дамыту, кадрлық қамтамасыз ету, тарифтік саясат және экологиялық талаптар.

«Қазақстан коммуналдық жүйелері» (ҚКЖ) компаниялар тобының Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов өз сөзінде энергетика бүгінде халықтың өмір сапасына, экономиканың тұрақтылығына және әлеуметтік ортаның орнықтылығына тікелей әсер ететін стратегиялық инфрақұрылымға айналғанын атап өтті.

Осы тұрғыда ҚКЖ тек салалық диалогтың қатысушысы ғана емес, сонымен қатар қуаттарды жаңғырту мен кеңейту жобаларын іске асырып отырған инвестор ретінде де көрінеді.

«ҚКЖ компаниялар тобы Өскемен ЖЭО мен Қарағанды ЖЭО-3-те қуаттарды кеңейту және жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Қос жоба бастапқы кезеңнен-ақ заманауи экологиялық стандарттарды ескере отырып іске асырылуда», — деп атап өтті Дінмұхамет Идрисов.

Талқылау барысында мұндай жобаларды іске асыру шарттарына ерекше назар аударылды. Қатысушылар генерацияның тұрақты дамуы үшін негізгі реттеуші параметрлердің үйлесімділігі аса маңызды екенін атап өтті.

Атап айтқанда, экологиялық талаптарды энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жоспарларымен үйлестіру қажеттігі сөз болды. Бұл фактор жаңғырту қарқынына және саланың инвестициялық тартымдылығы мен болжамдылығына тікелей әсер етеді.

Бүгінде нарық үшін басты мәселе — энергиямен жабдықтаудың сенімділігі, экологиялық жауапкершілік және инвестициялар үшін тұрақты жағдайлар арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Дәл осы теңгерім энергетика саласының алдағы даму бағытын айқындайды.

Іс-шара қорытындысы бойынша сала өкілдерінің бірқатары «Белсенді қызметі үшін» партиялық төсбелгісімен марапатталып, «AMANAT» партиясының қатарына қабылданды.

Марапатталғандардың қатарында «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС Қарағанды ЖЭО-3-тің отын-көлік цехының басшысы Жанат Жанабаев және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Мақтаарал электр желілерінің басшысы Жантөре Нармұхамедов бар. Қос компания да ҚКЖ компаниялар тобының құрамына кіреді.

ҚКЖ энергетика нарығының ірі қатысушыларының бірі ретінде генерацияны жаңғырту мен инфрақұрылымды дамытуға жүйелі түрде қатысып келеді, сондай-ақ экологиялық бастамаларды және энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған жобаларды қолдайды. Компания алдағы уақытта да мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты белсенді түрде жалғастыруға әзір екенін растайды. 

Тізімге оралу