Кенжебек Көшбаев: 19 жыл бойы сенімді электрмен жабдықтау жолында еңбек етіп келеді
Бейсенбі, 28 мамыр 2026
Ол 1980 жылдың 27 шілдесінде Түрікменстанның Ашхабад қаласында дүниеге келген. Сол жерде мектеп бітіріп, кейін шекара әскерінде байланысшы болып әскери борышын өтеген. Әскерден кейін электрик мамандығын таңдап, бұл сала оның өмірлік жолына айналды.
2006 жылдың желтоқсанында тарихи Отаны — Қазақстанға қоныс аударды. 2007 жылдан бастап МӨЭК құрамындағы Жаңаөзен аудандық электр желілерінде тарату желілерінің электромонтері болып еңбек жолын бастады. Кейін шебер қызметіне көтеріліп, жедел қызмет саласында да жұмыс атқарды. 2020 жылы отбасымен бірге Ақтау қаласына көшіп келіп, бүгінде облыс орталығында еңбек етіп келеді.
Кенжебек Көшбаев «Қазақ қатынас жолдары университетін» «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол жыл сайын кәсіби біліктілігін арттырып, өз ісін жетілдіруге ерекше мән береді. Еңбек жолын 3-разрядты электромонтер ретінде бастаған маман 2009 жылы 4-разрядқа, ал 2022 жылы 5-разрядты қосалқы станцияларға қызмет көрсету жөніндегі электромонтер дәрежесіне ие болды.
Оның адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі басшылық тарапынан бірнеше мәрте бағаланды. 2013 және 2015 жылдары кәсіби байқауларда бірінші орын иеленіп, үздік маман атанды. Сонымен қатар, электр энергетикасы саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін түрлі марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды.
– Біздің жұмысымыздың маңызы зор. Бүгінде барлық сала электр энергиясына тәуелді. Халықтың күнделікті өмірі де, өндіріс пен құрылыс та энергиясыз мүмкін емес. Қазір мен қызмет ететін қосалқы станция Ақтау қаласы тұрғындарының шамамен 25 пайызын электр қуатымен қамтамасыз етеді, – дейді маман.
Кенжебек Бекбағлыұлы үшін отбасы – басты құндылықтардың бірі. Ол жұбайымен бірге 7 бала тәрбиелеп отыр: бес қыз және екі ұл. Үлкен қызы 2005 жылы дүниеге келсе, кенже ұлы екі жаста.
– Жұбайым балалар тәрбиесі мен отбасы тірлігіне көбірек көңіл бөледі. Ал мен отбасымыздың болашағы үшін еңбек етемін. Қолдау қажет болған сәтте әрдайым жанынан табылуға тырысамын, – дейді ол.
Хоббиі туралы сұрағанда Кенжебек Көшбаев күлімсірей жауап береді. Оның айтуынша, бос уақыт сирек болады. Себебі өмірінің басты бөлігі – жауапты жұмысы мен сүйікті отбасы.