Жаңалықтар мен елеулі оқиғалар - Қазақстандық энергетиктер халықаралық додада топ жарды

Қазақстандық энергетиктер халықаралық додада топ жарды

Қазақстандық энергетиктер халықаралық додада топ жарды
Бейсенбі, 24 қыркүйек 2026

21–23 қыркүйек аралығында Анкара қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің өкілдері арасында «2026 жылдың электр тарату желілері бойынша үздік командасы» атты халықаралық кәсіби шеберлік байқауы өтті.

Халықаралық байқау түркі мемлекеттерінің энергетика саласындағы ынтымақтастығының маңызды бағыттарының бірі саналады. Ол түркі елдерінің электр тарату желілері мамандарын бір алаңға жинап, кәсіби тәжірибе мен білім алмасуға, электр желілерін пайдалану және қызмет көрсету тәсілдерін жетілдіруге, қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, сондай-ақ қатысушы елдердің энергетиктері арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Додада Қазақстан намысын «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының құрамына кіретін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС мамандары қорғады.

Байқау Анкараның Гёльбашы ауданындағы TEDAŞ оқу-жаттығу базасында өтіп, қатысушылардың практикалық дайындығын бағалауға бағытталды. Энергетиктер электр қондырғыларында жұмыс істеу дағдыларын, қауіпсіздік талаптары мен электр тарату желілерін пайдалану ережелерін меңгеру деңгейін көрсетті.

Негізгі практикалық тапсырмаларының бірі тарату трансформаторының жарамсыз жоғары кернеулі сақтандырғышын ауыстыру болды. Қатысушылар төмен және орта кернеу жағында коммутациялық ауыстырып-қосу жұмыстарын жүргізіп, тасымалды жерге тұйықтау құрылғысын орнатты және сақтандырғышты ауыстырды.

Командалардың әрбір іс-қимылын халықаралық қазылар алқасы бағалады. Нәтиже шығарылған кезде операциялардың дұрыс орындалуы, еңбекті қорғау талаптарының сақталуы, жұмыстың сапасы мен тапсырманы орындауға жұмсалған уақыт ескерілді.

Қазақстан намысын абыроймен қорғаған «Оңтүстік Жарық Транзит» мамандары кәсіби шеберлігімен, тәжірибесімен және командалық бірлігімен үздік нәтиже көрсетті.

Осылайша, тартысты бәсекеде Қазақстан командасы қарсыластарынан озып, халықаралық доданың үздік командасы атанды. Жүлделі орындар қатарынан Әзірбайжан мен Түркия топтары да көрінді.

«Оңтүстік Жарық Транзит» үшін бұл жеңіс халықаралық аренадағы табысты өнердің жалғасы болды. Былтыр кәсіпорын мамандары аталмыш додада III орын иеленсе, биыл жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп отыр.

Айта кетейік, 2027 жылы энергетиктер арасындағы халықаралық кәсіби шеберлік байқауы Түркістан қаласында өтпек. Бүгінде Түркістан түркі әлемін біріктіретін маңызды рухани орталықтардың бірі әрі түркі әлемінің рухани астанасы ретінде айрықша мәртебеге ие.

Тізімге оралу