Жаңалықтар мен елеулі оқиғалар - Өскемен ЖЭО жылыту маусымына даындықты аяқтауда

Өскемен ЖЭО жылыту маусымына даындықты аяқтауда

Өскемен ЖЭО жылыту маусымына даындықты аяқтауда
Бейсенбі, 24 қыркүйек 2026

ҚКЖ компаниялар тобына кіретін «Өскемен ЖЭО» ЖШС-де ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қатысуымен пресс-тур өтті.

Бүгін энергия өндіруші ұйымдардың 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындық паспорты алынды. Бұл кәсіпорынның жабдықтарды жылыту маусымына дайындау бойынша қажетті іс-шараларды орындағанын растайды.

Пресс-тур барысында станция өкілдері инвестиция көлемі, жүргізілген жөндеу жұмыстары және жабдықтардың тозу деңгейін төмендету туралы баяндады. Қатысушылар инвестициялық бағдарламаның нақты іске асырылу барысымен, өндірістік нысандардың жай-күйімен және жөндеу науқанының нәтижелерімен танысты.

2026 жылы жөндеу бағдарламасы станцияның негізгі жабдықтарын, соның ішінде 9 қазандық агрегаты мен 8 турбоагрегатты қамтыды. №7 қазандық агрегатында 1-ші және 2-ші сатылы ауа жылытқышты ауыстыру арқылы күрделі жөндеу жүргізілді. №11 қазандық агрегатында 1-ші сатылы су экономайзері ауыстырылды.

Жөндеу іс-шараларының басым бөлігі толық орындалды, қалған жұмыстар аяқталуға жақын.

Станцияда жабдықтарды жөндеуден бөлек, өндірістік инфрақұрылымды жаңартудың ірі жобалары бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен іске асырылуда. Олардың қатарына жерасты өнеркәсіптік су құбыры желілерін күрделі жөндеу, орташа қысымдағы қоректендіру суы құбырларын қайта жаңарту, №2 110 кВ ашық бөлу құрылғысының (АБҚ) электр жабдықтарын жаңғырту және бас корпус ғимаратының екінші, үшінші және төртінші кезеңдерін реконструкциялау кіреді.

2026 жылы жөндеуге, жаңғыртуға және құрылысқа жұмсалған шығындардың жалпы көлемі 15,9 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 6,7 млрд теңге Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мен Энергетика басқармасы 2026 жылғы 1 ақпан мен 31 желтоқсан аралығындағы кезеңге бекіткен инвестициялық бағдарламада көзделген.

Қазіргі уақытта кәсіпорын қызметінің тағы бір маңызды бағыты — №13 турбоагрегат пен №16 қазандық агрегатын салу арқылы станцияны кеңейту. Жобаны Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы жүйесін жаңғыртудың Ұлттық жобасы шеңберінде іске асыру жоспарлануда.

Жөндеу науқанын жүргізу және инвестициялық жобаларды іске асыру станцияның сенімділігін арттыруға және оның алдағы жылыту маусымы жағдайында жұмыс істеуге дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Тізімге оралу