Түркістан облысында қуаттылығы 150 МВт болатын «Жүзімдік» жел электр станциясы салынады. Антальяда өткен COP31 халықаралық климаттық конференциясы аясында жобаны қаржыландыру жөніндегі үшжақты келісімге қол қойылып, ауқымды инвестициялық бастаманы жүзеге асыруға маңызды қадам жасалды.
Анталия қаласында өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-ші конференциясы (COP31) аясында «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС, Halyk Bank және Қазақстанның Даму Банкі арасында «Жүзімдік» жел электр станциясының құрылысын қаржыландыру туралы үшжақты келісімге қол қойылды.
Ordabasy Group құрамына кіретін «Қазақстан коммуналдық жүйелері» (ҚКЖ) компаниялар тобы бұл инвестициялық жобаны Түркістан облысының Бәйдібек ауданында жүзеге асырады. Жаңа станцияның салынуы еліміздің оңтүстігінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға және компанияның Қазақстандағы энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестициялық бағдарламасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Жүзімдік» жел электр станциясының құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бірінші кезеңде әрқайсысының қуаттылығы 7,5 МВт болатын 20 жел турбинасын орнату, кернеуі 35/220 кВ қосалқы станциясын салу, сондай-ақ ұзындығы шамамен 22 шақырым болатын 220 кВ әуе электр беру желісін тарту жоспарланған.
Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың наурыз айында бастау көзделіп отыр. Ал жел электр станциясының бірінші кезеңін 2028 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарлануда.
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобы үшін «Жүзімдік» жобасы жаңа генерациялық қуаттарды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның маңызды бөлігі болып табылады. Компания қолданыстағы электр станциялары мен желілік инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, энергия өндіру көздерін әртараптандыруға және жаңартылатын энергетика саласындағы жаңа жобаларды іске асыруға басымдық беріп келеді.
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов жобаның компанияның болашақ дамуы мен еліміздің энергетика саласы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
«Біз энергетика саласын дамытуды бизнестің ел алдындағы ұзақ мерзімді жауапкершілігі деп білеміз. Сондықтан қолданыстағы электр станциялары мен желілерді жаңғыртумен қатар, жаңа генерациялық қуаттарды құруға инвестиция салып келеміз. «Жүзімдік» – осы бағыттағы маңызды жобаларымыздың бірі. Алғашқы кезеңде қуаттылығы 150 МВт болатын жел электр станциясын іске қосып, алдағы уақытта оның қуатын 350 МВт-қа дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Біз бұл жобаға инвестиция құйып қана қоймай, оның табысты жүзеге асырылуына да жауаптымыз. Сенім білдіріп, серіктестік танытқаны үшін Halyk Bank пен Қазақстанның Даму Банкіне алғыс айтамын. Бірлескен күш-жігеріміздің нәтижесінде Қазақстан экономикасының алдағы ондаған жылдар бойғы дамуына қызмет ететін энергетикалық инфрақұрылым қалыптастырамыз», – деді Дінмұхамет Идрисов.
Halyk Bank басшылығы да экологиялық тұрғыдан орнықты жобаларды қаржыландырудың маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстанның дамуы үшін стратегиялық маңызы бар ірі жобаларды қаржыландыру – Halyk Bank қызметінің басым бағыттарының бірі. Біз инфрақұрылымды жаңғыртуға және экономиканың ұзақ мерзімді өсіміне негіз қалайтын инвестициялық бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеміз. Бұл ретте энергетика саласының орны ерекше. Өнеркәсіптің, бизнестің және өңірлердің даму мүмкіндіктері энергетикалық инфрақұрылымның жай-күйі мен әлеуетіне тікелей байланысты. Елімізде жаңа генерациялық қуаттарды құруға және жаңартылатын энергетиканы дамытуға өз үлесімізді қосып отырғанымызды мақтан тұтамыз», – деді Halyk Bank Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.
Қазақстанның Даму Банкі өкілдері жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларды қолдау ел экономикасының орнықты дамуына ықпал ететін инвестициялық бастамаларды қаржыландырудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Қазақстан экономикасының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу қажет. Бірлескен қаржыландыру тетігі мемлекеттік даму институты мен коммерциялық банктің қаржылық мүмкіндіктерін біріктіруге жол ашады. Бұл капиталды көп қажет ететін «Жүзімдік» жобасын жүзеге асыруға, сондай-ақ еліміздің жаңартылатын энергетика саласына қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді», – деді Қазақстанның Даму Банкі Басқармасының төрағасы Марат Елибаев.
COP31 конференциясы аясында қол қойылған келісім климаттық міндеттемелерді нақты инвестициялық жобалармен ұштастырудың маңызды үлгісі болды. Қаржы институттары мен энергетикалық компаниялардың күш біріктіруі Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға, орнықты дамуды қамтамасыз етуге және төмен көміртекті экономикаға көшу үдерісін жеделдетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Жүзімдік» жел электр станциясының іске қосылуы жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін ұлғайтуға, Түркістан облысының энергетикалық теңгерімін әртараптандыруға және Қазақстанның ұзақ мерзімді экологиялық әрі энергетикалық мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосады.