Жыл сайын «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне туристтер легі артып, бұл оның экожүйесіне айтарлықтай әсерін тигізуде. Негізгі мәселелердің бірі – қоқыс көлемінің көбеюі. 2024 жылдың басынан бері саябақ аумағынан шамамен 440 тонна қоқыс шығарылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 840 тоннаға жеткен. Келушілердің негізгі ағыны дәстүрлі түрде жаз айларына сәйкес келіп, бұл табиғи ресурстарға қосымша жүктеме артады.
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС (ҚКЖ) қоршаған ортаны қорғауға айрықша мән береді. Табиғатты сақтау маңызды екенін терең түсіне отырып, компания қызметкерлері Бурабай ұлттық саябағында жазғы туристік маусымның аяқталуына орай экологиялық сенбілік өткізді. Бұл сенбілік «Таза Қазақстан» экоакциясы мен Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аясында ұйымдастырылды. Экобастама Бурабай ауданы әкімдігі мен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қолдауымен өтті.
ҚКЖ қызметкерлері туристік маусымда ең көп жүктемеге ұшырайтын аймақтар - Абылай хан алаңы мен Көкше тауының етегін тазартты. Нәтижесінде 30-дан астам қап қоқыс жиналды, олардың басым бөлігі пластикалық бөтелкелер, шыны банкалар және полиэтилен пакеттер. Мұндай қалдықтар ғасырлар бойы ыдырамай, қоршаған ортаға елеулі қауіп төндіреді.
«Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС Бас директоры Сабырғали Ыдырысов: «Біз сенбілікті Бурабайда өткізуіміз кездейсоқ емес. Бурабайдың табиғаты – біздің ортақ байлығымыз, және оның сақталуына қамқорлық жасау – әрқайсымыздың міндетіміз. Бұл жер – туристердің басты тартылыс орталығы әрі еліміздегі ең танымал орындардың бірі. Мұндай шаралар экологиялық тепе-теңдікті сақтап қана қоймай, қоғамда табиғатқа деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді».
Сонымен қатар, сенбілікке қатысушылар туристердің естелік ретінде ағаштарға қалдырған байламаларын шешіп, оларды тазартты. Пластиктен және матадан жасалған бұл баулар ағаштардың табиғи өсуіне кедергі келтіріп, оларға зиян тигізеді.
Сондай-ақ, ҚКЖ компаниясы тазалықты қамтамасыз ету мақсатында туристік аймақтар мен саябақтарға орнатылатын көше қоқыс жәшіктерін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне табыстады.
Сенбілік — бұл аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған іс-шаралардың бастамасы. Кәсіпорын ұжымы экологиялық акцияларға қатысуды жалғастыруға ниет білдіріп, мұндай бастамалардың компанияның орнықты даму мен елдің болашағына қамқорлық жасаудағы жалпы стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.