«Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС-і өз қызметінде әлемнің үздік тәжірибелерін белсенді түрде енгізуде. Энергетика саласындағы озық технологияларды зерттеу және бейімдеу мақсатында компания өкілдері Энергетика министрлігімен бірге жұмыс сапарымен Германияға барды.
Сапардың басты мақсаты – көмірмен жұмыс істейтін жылуэлектр станцияларында экологиялық шығарындыларды азайтуға арналған озық технологияларды зерттеп, неміс әріптестерінің тәжірибесін Қазақстанның экологиялық талаптарына, техникалық инфрақұрылымына және экономикалық тиімділігіне сәйкес бейімдеудің мүмкіндіктерін талдау болды.
Сапар барысында қазақстандық делегация Германияның жетекші ЖЭО-ы мен энергетикалық компанияларын аралап, түтін газдарын тазарту саласындағы озық технологиялармен танысты.
Альтбах жылыту-электр станциясы
Алғашқы нысан Штутгарттан жақын орналасқан Альтбах/Дайцизау жылуэлектр станциясы болды. EnBW компаниясы басқаратын осы станцияның қуаты шамамен 1200 МВт құрайды және ол Баден-Вюртемберг аймағындағы энергетикалық қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
EnBW 2030 жылға дейін көмірді толықтай пайдалануды тоқтатып, оның орнына табиғи газ бен жасыл сутегін қолдануды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, CO₂ шығарындыларын азайту мақсатында көмірмен бірге аммиакты жағу технологиясын енгізу және кейіннен таза аммиакқа көшу қарастырылуда.
Қазақстандық энергетиктерге төмен эмиссиялы жану жүйелері, азот оксидтерінің шығарындыларын азайту үшін селективті каталитикалық қалпына келтіру қондырғылары (SCR) және заманауи түтін газдарын тазарту жүйелері таныстырылды. Сонымен қатар, құрылыс саласында пайдаланылатын гипс өндірілетін десульфуризация технологиясына ерекше көңіл бөлінді.
Делегация отын дайындау процесінің барлық кезеңдерін, оның ішінде таскөмірді тасымалдау, сақтау және жағу жүйелеріне беру технологиясын зерттеді. 2017 жылы станцияда Қазақстанның Екібастұз қаласындағы Богатырь кен орнынан алынған көмірді жағу бойынша сәтті эксперимент жүргізілген. Бұл тәжірибе нәтижесінде шыққан шығарындылар еуропалық экологиялық стандарттарға сәйкес келіп, отандық отынның экологиялық әлеуетін көрсетті.
Делегаттардың ерекше назарын аударған инновациялық шешім — гибридті градирня. Бұл конструкцияның ерекшелігі — екі деңгейлі, жоғары өнімді желдеткіштер қатарын пайдалану, олар құрылымның төменгі бөлігіне орнатылған. Бұл инженерлік шешім құрылыс биіктігін айтарлықтай төмендетіп, бу бұлтын қалыптастыруды минимизациялап, жылу тиімділігін оңтайландырады және экологиялық жүктемені азайтады.
Нидерауссем жылуэлектр станциясы
Келесі сапар нысаны Нидерауссем жылуэлектр станциясы болды. Неміс әріптестері экологиялық тиімділікті арттыру және шығарындыларды азайту мақсатында енгізілген алдыңғы қатарлы инновациялық шешімдерді таныстырды.
Мысал ретінде 3,9 миллион м³ көлеміндегі түтін газдарын тазартатын жоғары тиімді электрофильтрді атап өтуге болады. Бұл фильтр шығатын түтіннің қалдық концентрациясын небәрі 10 мг/м³ деңгейінде ұстап тұрады, бұл саладағы ең жоғары стандарттарға сәйкес келеді. Сонымен қатар, десульфуризация жүйесі күкіртті ұстаудың рекордтық көрсеткіші — 99% — ға жетеді.
Сондай-ақ, станцияда көмірқышқыл газын азайту мен энергия тиімділігін оңтайландыруға бағытталған бірнеше тәжірибелік қондырғылар жұмыс істейді. Бұл қондырғылар түтін газдарынан жылуды қалпына келтірудің заманауи технологияларын қолдана отырып, жүйенің жалпы тиімділігін арттырып, технологияларды коммерциализациялау үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Нидерауссем ТЭЦ-нің K блогының басты инновациялық ерекшелігі — дәстүрлі түтін құбырының жоқтығы. Бұл технология ТМД елдерінде әлі қолданылмайды, сондықтан делегация мүшелерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Оның орнына, тазартылған және 60°C-қа дейін салқындатылған түтін газдары арнайы градирнялар арқылы атмосфераға таратылады. Газдар бу мен табиғи ауа ағындарымен араласып, қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтады. Бұл әдіс түтін құбырларының құрылысына жұмсалатын шығындарды айтарлықтай төмендетеді.
Steinmüller Engineering GMBH және Wallstein Group-пен кездесу
Іссапар барысында қазақстандық делегация энергетика және экология саласындағы технологиялық ноу-хауға бай портфолиосы бар Гуммербах қаласындағы Steinmüller Engineering GmbH компаниясына да барды.
Жергілікті қызметкерлер компанияның жұмысымен таныстырып, қоқыстарды жағу мен термиялық қайта өңдеу технологиялары, түтін газдарын десульфуризациялау, атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту үшін түтін газдарын құрғақ тазалау, сондай-ақ қазандық жабдығының түрлі компоновкалары үшін автоматтандырылған жылу және аэродинамикалық есептеулерді жүргізу бағдарламалық жасақтамасын таныстырды.
Қорытынды кездесу Кобленц қаласындағы Wallstein Group компаниясының өкілдерімен өтті. Wallstein Group — энергетика, қоршаған ортаны қорғау және термотехнологиялар саласындағы өнеркәсіптік жүйелерді әзірлеу, өндіру және енгізумен айналысатын компаниялар тобы. Кездесу барысында компанияның қызметі мен тарихы, электрофильтрлер, қолқапты фильтрлер, газ ағындарын тарату жүйелері және гибридті фильтрлер туралы баяндамалар ұсынылды.
Екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша, экология және энергия тиімділігі саласындағы озық шешімдерге ие екі компания қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Неміс әріптестерінің жылдар бойы жинақталған тәжірибесі көмір станцияларын жаңғырту, экологиялық жүктемені төмендету және елдің энергетика саласында инновациялық тәсілдерді енгізу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Оң әсерлер
Қазақстандық делегация неміс ЖЭО-да ең үздік қолжетімді технологияларды қолдану тиімділігінің көрнекі растауын алды. Нөлдік шығарындылар – бұл экологиялық мәселелерді сәтті шешіп отырған неміс компаниялары үшін стандартқа айналған.
Бұл тәсілдер қазақстандық кәсіпорындарды жаңғыртуда эталон бола алады. Қазіргі неміс ЖЭО-ларында қолданылатын заманауи шығарындыларды тазарту технологияларын пайдалану Қазақстанда мұндай шешімдерді енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Айта кету керек, Германия үкіметі көміртексіз энергетикаға көшу стратегиясын бекіткен, ал бұл елдегі көмір өндірісінің болашағын белгісіз қалдырса керек. Осы ретте Германия компаниялары өз қызметін трансформациялауды аяқтамай тұрып, Қазақстан үшін 5-6 жыл ішінде олардың көпжылдық тәжірибесін пайдалануға бірегей мүмкіндік.
Шығарындыларды азайтудың технологиялық аспектілерінен бөлек, қазақстандық делегаттар еңбекті қорғау, өнімділікті арттыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және қызметкерлер үшін қолайлы жұмыс жағдайларын жасау саласындағы озық тәжірибелермен танысты.
Алайда, мұндай технологиялар айтарлықтай қаржылық инвестицияларды қажет ететінін атап өткен жөн. Аталмыш технологиялар сәтті қолданылатын Германияда электр энергиясы тарифтері Қазақстанға қарағанда шамамен 4 есе жоғары. Бұл инновациялар мен тұтынушыларға қол жетімділік арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін озық тәжірибені жергілікті жағдайларға бейімдеу қажеттілігін көрсетеді.
Бұл шешімдерді енгізу қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін едәуір арттырады, экологиялық көрсеткіштерді жақсартады және энергетика секторының тұрақты дамуы үшін негізді нығайтады.