Жаңалықтар мен елеулі оқиғалар - Әлемдік деңгейдегі энергетиктер Қазақстандағы энергия тиімділігін арттыруға бағдар бермек

Әлемдік деңгейдегі энергетиктер Қазақстандағы энергия тиімділігін арттыруға бағдар бермек

Әлемдік деңгейдегі энергетиктер Қазақстандағы энергия тиімділігін арттыруға бағдар бермек
Сәрсенбі, 4 желтоқсан 2024
Қазақстанда энергияны тұтыну тиімділігін арттыру және интеллектуалды есеп жүйесін жетілдіру бағытында америкалық жоғары білікті сарапшылар жергілікті мамандармен тәжірибе алмасуды бастады. Мұндай тиімді әдістерді игеру қуат көздеріне деген сұранысты қиындықсыз қанағаттандырудың тиімді жолдарын анықтауға мүмкіндік береді.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС базасында АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) өкілдері арнайы келіп, энергетика саласындағы жаңа шешімдерімен бөлісті. Бұл шараға «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС-не қарасты ірі энергия тасымалдаушы және таратушы компаниялардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар, Монғолия мен Өзбекстан елдерінің энергетиктері де семинарға онлайн қатысып, америкалық сарапшылардың инновациялық тәсілдеріне қызығушылық танытты.

Семинар барысында 20 жылдан астам тәжірибесі бар жетекші сарапшылар Крисси Годфри мен Бен Тернер энергия жүйесін жаңғыртуға арналған шешімдер мен модельдерді таныстырды. Олар нарықты реформалау, энергия жүйесін тиімді басқару және сұранысты қанағаттандырудың заманауи әдістерін көрсетті.

Сарапшылардың айтуынша, энергия тиімділігін қарастыру барысында сұранысты өтеу жолдарын басымдық беру керектігін атап өтті. Бұл орайда, эрнергетикалық аудит жүргізу, кернеу ауыртпалығын тікелей басқару, энергия үнемділігін арттыратын құрал-жабдықтар орнату, жаңа энергетикалық құрылыстар жүргізу, ителлектуалды жүйе арқылы сұранысты реттеу және энергетикалық қажеттілікті реттеудің алдыңғы үлгісін қолдану жағдайлары қарастырылды.
Үш күнге созылатын бұл семинарда америкалық сарапшылар энергия үнемділігі мен тиімділігін арттыруға арналған соңғы жаңалықтарымен бөліседі. Бұл шара Қазақстанның энергетика саласының дамуында халықаралық тәжірибе негізінде жаңа мүмкіндіктер ашып, саланы жаңа деңгейге көтеруге ықпал етпек.

Тізімге оралу