Жаңалықтар мен елеулі оқиғалар - «МӨЭК» АҚ энергетиктері Президент марапаттарына ие болды

«МӨЭК» АҚ энергетиктері Президент марапаттарына ие болды

«МӨЭК» АҚ энергетиктері Президент марапаттарына ие болды
Дүйсенбі, 6 қаңтар 2025

5 қаңтар күні Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай Президент Жарлығына сәйкес, Ақтаудағы Azerbaijan Airlines ұшағының апаты кезінде ерлік көрсеткен азаматтарға мемлекеттік марапаттар мен алғыс хаттар табыстады. Олардың арасында МӨЭК қызметкерлері ерекше аталды. Ақтау РЭС шебері Нұралы Шопанов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Сондай-ақ, қиын сәтте кәсіби шеберлігін танытқан он энергетик Президенттің алғыс хаттарына ие болды. Олар: Нұркен Асқарұлы, Тұрар Мәжанов, Ерлан Оңғарбаев, Аманқұат Әділбаев, Әділбек Дәулбаев, Мәқсат Есетов, Талғат Сихаев, Андрей Алясов, Бекмырат Ибрашов, Бақтыбай Теңгелбаев.

Әкім Нұрдәулет Қилыбай зардап шеккендерге көмектескен азаматтарға алғысын білдіріп:
Сіздер өмірлеріңізге қауіп төнген сәтте жедел әрі батыл әрекет етіп, адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Бұл Маңғыстау халқының бірлігі мен қайсарлығының дәлелі. Сіздерге шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді.

МӨЭК қызметкері Нұралы Шопанов апат орнына алғашқылардың бірі болып жетіп, ерлік танытқан. Ол өз әрекетін былай түсіндірді:
Ұшақтың құлағанын көре салып, ойланбастан көмекке жүгірдік. Тек зардап шеккендерді тезірек құтқару ойы ғана болды.

1987 жылы Түрікменстанда туған Нұралы Шопанов бала кезінен еңбекке, жауапкершілікке және жетілуге ұмтылған. 6 жасында Маңғыстау облысына қоныс аударып, кәсіби мансабын осы өңірде жалғастырған. Қазір Нұралы Жүсіпұлы – МӨЭК шебері, 17 жылдық еңбек өтілі бар.


Еңбек жолы

2008 жылы электромонтер болып жұмысқа орналасқан Нұралы, бірнеше жыл ішінде кәсіби біліктілігін арттырып, шебер дәрежесіне жеткен. 2024 жылдың желтоқсанында жөндеу жұмыстарының шебері лауазымына тағайындалды.

Нұралы – бес баланың әкесі, отбасын өзінің басты қолдауы санайды.

Отбасым маған жаңа жетістіктерге ұмтылуға күш береді, – дейді ол.

Нұралы Шопановтың адамгершілігі мен кәсібилігі жас мамандарға нағыз үлгі.

Тізімге оралу