«Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобына кіретін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і 2024-2025 жылдары аяқталған құрылыс және жаңғырту жобалары бойынша баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шараға сала мамандарынан бөлек, қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бағдарлама аясында қатысушылар ОЖТ- ның инвестициялық бағдарламасы негізінде іске асырылған нысандарымен танысты.
Алғашқы нысан 1973 жылы пайдалануға берілген 110-/10 киловольттық «Сайрам» қосалқы станциясы. Ол Шымкенттегі Сайрам, Қызыл су, Тұрдыабад және Абдулабад шағын аудандарындағы жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Самиддин Монтаев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің өндірістік техникалық бөлімінің басшысы: «Сайрам ауданындағы қосалқы станциясында тұрмыз. Біздің серіктестік инвестиция аясында 2025 жылы қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Бұл жерде қуаты 10 мың киловольт Амперлік 110/10 трансформаторды қуаты 25 мың киловольт Амперлік трансформаторға ауыстырылды. Осы қосалқы станциядан бүгінгі таңда 13 мыңнан аса абонент электр қуатымен қамтамасыз етілген».
Қаланың іргесіндегі Елтай тұрғын алабындағы 110 киловаттық Л-121, 122 екі тізбекті әуе желісінің бөлігі 60 жылдары пайдалануға берілген. Аталған желі Түркістан облысының Төлеби ,Сайрам аудандары және Шымкент қаласы тұтынушыларының бір бөлігін электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Мұнда энергиямен қамтудың сенімділігін арттыру және өткізу қабілетін ұлғайту мақсатында 15 шақырым желі учаскесін қайта жаңғырту жүргізілуде.
«Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының инвестициялық бағдарламасында ақаулы тіректерді ауыстыру, жаңа тіректер орнату, өткізгіш сымдарды АС-95-тен АС-150 желісіне ауыстыру, сондай-ақ вибросөндіргіштер мен ілмекті арматураны жаңарту қарастырылған. Жаңарту жұмыстарының аяқталуы ағымдағы жылдың қарашасына жоспарланған. Жобаға бағытталған инвестиция көлемі 419 млн. теңгені құрайды.
Ақтілеу Бекмұратов, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы: «Іс шараның мақсаты ашықтықты қамтамасыз ету. Жалпы биылға инвестициялық бағдарламалардың бекітілген сомасы 12,5 млрд асады. Инвестициялық бағдарламаларда қаралған іс шаралар тариф есебінен жүргізіліп жатыр».
ОЖТ серіктестігінің инвестициялық бағдарлама аясында қаралған іс шаралардың орындалу барысы қоғам белсенділерінің әрдайым назарында.
Жарқынбек Сейтінбетұлы, «Демократия институттарын дамыту орталығы» ҚБ директоры: «Негізі біз тұтынушымыз. Жарықтың уақтылы, сапалы беріліп тұруы керек. Соған қарағанда мен құптаймын. Жақсы, бағдарламаны дұрыс істеген, уақытылы. Кейін қазір желілерін көрдік. Бұның бәрі бізге тұтынушыларға қажетті нәрсе. Бар нәрсені бар деу керек. Жаңа станция көрдік бәрі жақсы, барлығы халықтың мүддесіне жасалған».
Түркістан облысы мен Шымкент қаласы халқын үздіксіз сапалы электр жарығымен қамту бағытында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і инвестициялық бағдарламадағы бекіткен іс-шараларды мерзімінде жоғары деңгейде атқаруда дейді қоғам белсенділері мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіндегілер.