Қарағанды ЖЭО-3-те жаңа энергоблоктың құрылысы басталды. Құны 134,6 млрд теңге болатын жоба өңірді қосымша электр және жылу қуатымен қамтамасыз етеді.
Салтанатты капсула салу рәсіміне облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов қатысты. Сондай-ақ шараға Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасының орынбасары Руслан Даленов, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС бас директоры Сабырғали Идрисов және «Караганда Энергоцентр» компаниясының басшылығы қатысты.
– Бүгін Қарағандыда ЖЭО-3-те жаңа энергоблоктың құрылысына кірісіп отырмыз. Бұл оқиға тек қаламыз үшін емес, бүкіл облыс үшін маңызды. Бұл – өңірдің өнеркәсіптік, әлеуметтік және экономикалық дамуына қуатты серпін беретін жоба. Жаңа энергоблоктың іске қосылуы Қарағандыға қосымша 140 мегаватт электр энергиясын және сағатына 180 гигакалория жылу береді. Бұл – тұрақтылық, өндіріс үшін жаңа мүмкіндіктер, бизнеске сенімділік және тұрғындар үшін жайлылық. Құрылыстың өзі жаңа жұмыс орындарын ашады, мамандарымыздың біліктілігін арттыруға жол береді, жергілікті инженерлік мектептің дамуына ықпал етеді. Ең бастысы – бұл жоба Қарағанды облысының ғана емес, бүкіл елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
134,6 млрд теңгенің жобасы 2028 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған. Жоба аясында жаңа қазан агрегаты мен турбогенератор салынады. Бұл 400-ден астам жаңа көпқабатты үйді және әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Осылайша қала өзінің болашақ дамуына берік энергетикалық негіз алады.
– Энергетика нақтылықты қажет етеді – инвестициялар, жаңғырту және сенімділік. Жаңа энергоблоктың іске қосылуы 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысанды жылумен қамтиды. Сонымен қатар, бұл жоба қаланың ең өзекті мәселелерінің бірі – тұрақты жылу мен электр қуатымен қамтуды шешіп қана қоймай, 55 жаңа жұмыс орнын ашып, өңір экономикасын жандандырады, – деп атап өтті «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС компаниялар тобы Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов.
ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов министрлік атынан жаңа энергоблок құрылысының басталуымен құттықтады.
– Мұндай ірі жобалар қажет: олар тек облыстың емес, елдің де электр энергетикасы жүйесіне елеулі ықпал етеді. Біз оларды қолдауға дайынбыз, – деді Сұңғат Есімханов.
Жоба Еуразиялық даму банкімен стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырылуда.
– Еуразиялық даму банкі – халықаралық ұйым. Соңғы 4 жылда ғана Қазақстандағы Банктің инвестициялық портфелі $5 млрд құрады, оның ішінде энергетика әрқашан басты назарда. Қарағанды ЖЭО-3-тің кеңейтілуі – ЕАДБ, мемлекеттік құрылымдар және бизнес арасындағы тиімді серіктестіктің жарқын үлгісі. Ортақ күшпен біз өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының берік негізін қалыптастырып жатырмыз, – деді Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасының орынбасары Руслан Даленов.