Жаңалықтар мен елеулі оқиғалар - Қазақстан мен Жапония Түркістан облысында ЖЭК бойынша пилоттық жобаны іске қоспақ

Қазақстан мен Жапония Түркістан облысында ЖЭК бойынша пилоттық жобаны іске қоспақ

Қазақстан мен Жапония Түркістан облысында ЖЭК бойынша пилоттық жобаны іске қоспақ
Сенбі, 10 тамыз 2024
9 тамызда Тәуелсіздік сарайында «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС және жапондық Komaihaltec Inc. компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Тараптар жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) енгізу бойынша жобаны іске асыруға ниетті. Бірінші кезеңде Түркістан облысында бірлескен зерттеулер мен пилоттық жобаны жүргізу жоспарлануда.
C5+Жапония бизнес-форумы аясында «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС және Түркістан облысы әкімдігі жапондық Komaihaltec Inc. компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Тарихи құжат Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытудағы жаңа кезеңі болса керек.

Қол қою рәсіміне Ordabasy Group жобалар топтамасына кіретін «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС бас директоры Сабырғали Идрисов және Komaihaltec Inc. атқарушы директоры Эми Комаи қатысты. Іс-шара Kazakh Invest ұлттық компаниясының қолдауымен өтті.
Келісімдерге сәйкес, тараптар Komaihaltec Inc. компаниясының жел турбиналарын қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздерін енгізу бойынша жобаны бірлесіп жүзеге асыруды бастамақ. Пилоттық жобаның бірінші кезеңі - Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме жүргізу және бас жоспарды әзірлеу.

Қазақстанда төмен көміртекті экономикаға көшу және 2060 жылға қарай климаттық бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясы бекітілген. «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС елдің жетекші энергетикалық компанияларының бірі ретінде көміртегі ізін азайту қағидаттарын ұстанады және жаңартылатын энергия мен газ генерациясы саласындағы жобаларды жоспарлайды.

Komaihaltec Inc. компаниясы жаңартылатын энергия көздері үшін жабдықтар өндіру, гибридті энергия өндіру жүйелерін және автономды энергиямен жабдықтау жүйелерін енгізу бойынша мол тәжірибесі бар және жасыл энергетика жобаларын жүзеге асыруда негізгі серіктес болмақ.

Жаңартылатын энергия жүйелерін зерттеу бойынша бірлескен ынтымақтастық CO2 шығарындыларын азайтуға және Қазақстанда автономды энергиямен жабдықтауды дамытуға ықпал етеді. Меморандум аясында әр тарап жобаны одан әрі жүзеге асыру үшін жұмыс тобын құрады.
«Ынтымақтастық Қазақстан үшін мүмкіндіктерді кеңейтеді, жаңартылатын энергетика саласындағы озық технологияларға және халықаралық тәжірибеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Komaihaltec Inc. компаниясымен серіктестік жаңартылатын энергетика саласындағы озық шешімдерді енгізуге және елдің энергетикалық инфрақұрылымын тұрақты дамытуға ықпал етпек. Біз тарихи сәттің бір бөлігі болғанымызға мақтанамыз. Жапондық серіктестерімізбен бірлескен күш-жігеріміз айтарлықтай нәтижелерге әкелетініне сенімдімін», - деп атап өтті Сабырғали Идрисов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Энергетика министрі мен Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрі төмен көміртекті даму және энергетикалық ауысу аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.

Жапония - Қазақстанның Шығыс Азиядағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық, достық және сенімді сипатқа ие. Жапония - әлемдегі ең технологиялық дамыған мемлекеттердің бірі. Қазақстан жапондық компаниялармен ынтымақтастыққа, экономикасына ең жаңа технологиялар мен инвестицияларды тартуға мүдделі.

Меморандумға қол қойылғаннан және C5+Жапония бизнес-форумы аяқталғаннан кейін әр тарап жемісті ынтымақтастыққа және бірлескен бастаманың табысты болатынына сенім білдірді. Жаңартылатын энергия көздерін енгізу көміртегі шығарындыларын айтарлықтай азайтуға және тұрақты энергетикалық жүйені құруға мүмкіндік береді. Бұл климаттық бейтараптыққа және Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын тұрақты дамытуға қол жеткізудегі маңызды қадам.

Анықтама үшін:

Komaihaltec Inc. - жаңартылатын энергетика жабдықтарын өндіруші және әртүрлі климаттық және энергетикалық жағдайларда, соның ішінде өзінің өндірістік кәсіпорнын энергиямен жабдықтау жүйелерінде гибридті энергогенерациялық жүйелерді енгізу тәжірибесі бар.

Бүгінде Ordabasy Group жобалар топтамасына кіретін «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС елдің энергетикалық нарығындағы ең ірі ойыншылардың бірі. ҚКЖ тобының кәсіпорындары электр және жылу энергиясын өндіруден бастап оны түпкілікті тұтынушыға жеткізуге дейін өндірістік тізбекті қалыптастырады. Орнатылған қуат бойынша «ҚКЖ» ЖШС елдегі ең ірі энергетикалық компаниялардың төртеуіне кіреді.
«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуына жәрдемдесу мақсатында экономиканың басым секторларына шетелдік инвестицияларды тарту және инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеу үшін құрылған.
Тізімге оралу